Астанада тағы 15 мектеп ашылады: Жеңіс Қасымбек
Өткен оқу жылында рекордты көлемде оқу орындары салынды. Атап айтқанда, 24 мектеп пайдалануға беріліп, 66 мың оқушыға арналған орын (екі ауысымды) ашылды. Сол 24 мектептің 16-сы – жайлы мектеп, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбектің инстаграм парақшасына сілтеме жасап.
Әкім Жеңіс Қасымбек Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен бірге жайлы мектептердің салыну барысымен танысқанын жазды. Сөзінше, мектептер қаланың барлық ауданында орналасады.
Жаңа оқу жылы ішінде тағы 15 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Оның 7-еуі «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады. Бұл жайлы мектептер 28 мың оқушыға арналған орын (екі ауысымды) ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 4 үш ауысымды және 7 шамадан тыс толы мектептің проблемасы шешіледі.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астанадағы жайлы мектептердің жалпы саны 24-ке жетеді. Сонымен қатар, қалада балабақшалар, оқушылар сарайы және өзге де әлеуметтік нысандар салынып жатыр,- делінген жазбада.