Елорда жаңалықтары

Астанада тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестік басшылары кәсіпкерлерді бопсалаған

Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасының жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік басшыларының заңсыз әрекетін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы прокуратурасының мәлімдеуінше, екі басшы азық- түлік дүкендеріне барып, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнім сатқандары үшін шағым түскенін және оны тиісті органға хабарламау үшін олардан ақша талап еткен.

Осылайша, екеуі 7 кәсіпкердің әрқайсысынан 25 мың теңгеден алған.

Прокуратураның нұсқауы бойынша полиция органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«Сот үкімімен кінәлі тұлғалар ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 2), 3) тармақтары бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет жасалған қорқытып алушылық үшін сотталды. Сотталғандардан материалдық залал өндірілді», - деп көрсетті қалалық прокуратура.

Үкім заңды күшіне енді.

Прокуратура қоғамдық бірлестіктердің бақылау-қадағалау функциялары жоқ екендігін ескертеді.