Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының X cаммиті өтті
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.
Президенттің айтуынша, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды деп санайды. Бұл ретте Президент Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды екеніне назар аударды. Бұл орайда Президент Ұйымға мүше елдердің басшыларына әлемдегі үздік университеттердің филиалдары мен тіл үйрететін бөлімдер ашуды, бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуды, сондай-ақ жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударуды ұсынды.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды.
Мемлекет басшысы инвестицияны алтыншы басымдық ретінде атады. Әріптестерін аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, айналамызда күрделі ахуал қалыптасқан қазіргі кезеңде медиацияның да рөлін арттыру қажет. Мемлекет басшысы Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қанды қақтығыстарды, Батыста белең алған заңсыз көші-қон мәселесін мысалға келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет екенін айтты.
Сонымен қатар саммитте ұйымның қазіргі төрағасы – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұйымға бірқатар мақсат-міндет жүктеді. Бұдан бөлек, маңызды құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.
-->Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.
Президенттің айтуынша, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн.
Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды деп санайды. Бұл ретте Президент Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынды.
Осыған байланысты модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырамын. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Қазір елдеріміздің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтады. Биыл ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайтуға болады. Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құрған жөн деп санаймын. Бұл орталық өнімді сынау нәтижелерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды екеніне назар аударды. Бұл орайда Президент Ұйымға мүше елдердің басшыларына әлемдегі үздік университеттердің филиалдары мен тіл үйрететін бөлімдер ашуды, бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуды, сондай-ақ жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударуды ұсынды.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды.
Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Осы орайда мен келесі жылы Астанада мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынамын. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы инвестицияны алтыншы басымдық ретінде атады. Әріптестерін аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беруге шақырды.
Бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады. Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет. Қазақстан «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынғанын білесіздер. Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болды. Сіздерге шынайы алғысымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, айналамызда күрделі ахуал қалыптасқан қазіргі кезеңде медиацияның да рөлін арттыру қажет. Мемлекет басшысы Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қанды қақтығыстарды, Батыста белең алған заңсыз көші-қон мәселесін мысалға келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет екенін айтты.
Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым. Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды. Қазір Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі тоқырауға түскені жасырын емес. Осындай кезде Бас Ассамблеяның рөлін күшейту керек. Бұл ретте Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде мейлінше сындарлы болу қажет, – деді Президент.