Астанада тұрақ ақысы тұрған минуты бойынша алынатын болады
Астанада тұрақ ақысы минутына алынатын болады. Жүргізушілер көлікті ақылы тұраққа қойғаны үшін сағатына емес, минутына төлейді. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, өзгеріс төлем жасаушылар үшін тиімді болмақ. Себебі бұған дейін олар бес минут автотұрақта тұрса да, сағатына төлеуге міндетті болды. Енді тұрақтаған минуттарына ғана төлем жасайды. Сонымен қатар қалада шлагбаумдары бар ақылы автотұрақтарға көлік нөмірлерін танитын фото және бейнетіркеу жүйесі енгізіледі.
Бүгінгі күнге дейін Астана қаласы аумағындағы коммуналдық ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленген.
Аталған ережелерде минуттық төлем қарастырылған, және ұсынылған өзгерістер «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартын бұзу рәсімі аяқталғаннан кейін енгізілетін болады. Стационарлы фото-видеофиксация жүйесін енгізу мәселесіне қатысты аталмыш жүйені енгізу инфрақұрылымы мүмкіндік беретін белгілі бір ашық автотұрақтарда жоспарлануда, - делінген Жеңіс Қасымбектің депутаттық сауалға берген жауабында.