Елорда жаңалықтары

Астанада тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді

Астанадағы Есіл ауданында жылыту маусымы басталғалы жеке сектордағы өрттің алдын алу мақсатында 3 652 профилактикалық рейд өткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Атқарылған жұмыстарға қарамастан, жыл басынан бері жеке секторда 19 өрт оқиғасы тіркеліп, мұндай шаралардың өзектілігін айқындай түсті.

«Кезекті рейд барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, жылыту жүйелерін, электр сымдарын тексеру және жанғыш материалдарды дұрыс сақтаудың маңыздылығы туралы ескертілді. Сонымен қатар тұрмыста өрттің алдын алу бойынша ұсыныстар берілді», - делінген хабарламада.

Мемлекеттік органдар мен тұрғындардың бірлескен әрекеттері төтенше жағдайлар қаупін барынша азайтып, әрбір үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Рейдке Есіл ауданы әкімдігі аппаратының, Төтенше жағдайлар басқармасының және аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қатысты.