Елорда жаңалықтары

Астанада тұрғын үйлерге инвентаризация жүргізіліп жатыр

Астана қаласы «Есіл» ауданының тұрғындарына инвентаризация не үшін қажет және оны қалай өткізу керектігін «Өркен қала» ЖШС өкілдері кездесуде айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz

Кездесуге «Есіл» ауданы әкімінің орынбасары Т.Чудров қатысты.

«Өркен қала» ЖШС директорының орынбасары Гүлвира Әбетова жергілікті атқарушы органдар кондоминиум объектілерін түгендеу және жыл сайын өзектендіру бойынша іс-шаралар өткізуді және талаптардың орындалуын сақтауды қамтамасыз ететінін, сондай-ақ ақпараттық жүйелерде есепке алуды және деректерді орталықтандырылған жинауды жүргізетінін айтты. Алайда, түгендеу жүргізуге және деректерді беруге тікелей кондоминиум объектілерін басқару органдары жауапты болып табылады.

«Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жататын барлық бөліктер есепке алынуға жатады – бұл қасбеттер, кіреберістер, вестибюльдер, залдар, дәліздер, баспалдақтар, лифттер, шатырлар, техникалық қабаттар, жертөлелер, жалпы үй инженерлік жүйелері мен жабдықтары, абоненттік пошта жәшіктері, көппәтерлі тұрғын үйдің астындағы жер учаскесі және үй жанындағы жер учаскесі, абаттандыру элементтері және басқа да ортақ пайдаланылатын мүлік. Оларды есепке алу сізге үйді күтіп ұстауды жақсы ұйымдастыруға мүмкіндік береді, өйткені басқару объектісі неден тұратынын білсеңіз, шешім қабылдаудың ашықтығын құру оңайырақ болады», – деп жауап берді спикер.

Гүлвира Әбетова түгендеу қалай жүргізілетіні және оның қандай кезеңдерден тұратыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол сондай-ақ лифтілерді, шатырларды, жылу пункттерін, өртке қарсы жүйелерді күрделі ауыстыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға КТК қатысу мәселесіне назар аударды.