Елорда жаңалықтары

Астанада түнгі уақытта тыныштықты бұзған 4 500-ге жуық дерек анықталды

Астаналық сақшылар жыл басынан бастап түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 4 500-ге жуық дерегін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.   

Бұл көрсеткіш азаматтардың тыныштығын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесін көрсетеді.

«Соңғы оқиғалардың бірі бойынша қалалық тұрғындар көршілердің мас күйінде шулап, түнгі тыныштықтың бұзылғаны туралы шағым түсірді. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, тәртіп бұзушылықты тіркеп, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының негізінде хаттама толтырды», - делінген хабарламада.

Астана қалалық Полиция департаменті ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеді. Егер бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін артады.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Тыныштықты бұзу фактілері бойынша азаматтар «102» нөміріне хабарласып, шағым бере алады.