Елорда жаңалықтары

Астанада спортшылар жалпықалалық сенбілікке атсалысты

Бүгін Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы Нұра ауданы әкімдігімен бірлесіп «Хан-Шатыр» СОСО маңына ағаш отырғызды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ағаш отырғызуға шорт-тректен Қысқы Олимпиаданың қатысушысы, ел тарихындағы әлем Кубогінің бірінші жеңімпазы Абзал Әжіғалиев,  шорт-тректен қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері Малика Ермек, қазақстандық футболшы, Қазақстан Медиа футбол федерациясының тұңғыш президенті Дидар Сыдыбек болды. Сонымен қатар, күні кеше елорда төрінде өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондары мен елшілері де қатысты.

«Өзім Орал қаласының тумасымын. Туған жерім жап-жасыл әрі ағаштарға бай. Ол жақта тұрақты түрде сенбілікке қатысып, экологияның таза болуына үлес қосатын едім. Ал 2018 жылы Астана қаласына көшіп келдім. Еліміздің астанасы да ағаштарға бай, әсемдігімен ерекшеленсе деймін. Сондықтан бүгінгі сенбілік пен «Таза Қазақстан» акциясының бір мүшесі болғаныма өте қуаныштымын», - деді шорт-тректен Қысқы Олимпиаданың қатысушысы Абзал Әжіғалиев.

Экологиялық акция барысында бес ауданда 2 мыңнан астам жасыл желек, ал Хан-Шатырдың маңында емен, қайың, қарағай сынды 100-ден астам көшет отырғызылды.

«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құсбегіліктен ел тарихында тұңғыш алтынды иелендім. 2018 жылы Қырғызстан еліндегі додада қола жүлдегер атанған болатынмын. Алайда Астана қаласында шара ұйымдастыру деңгейінің жоғарлылығымен ерекшелене білді. Жалпы қалалық сенбілікке қатысу бала кезден қалыптасқан. Осындай шаралар арқылы бойға жақсы әдеттер қалыптасып, өзгелерге үлгі боламыз», - деп 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана қаласының елшісі әрі чемпионы Ертуған Серікбек ойымен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы өтіп жатыр. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, орамішілік және аула аумақтарының кірме жолдарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталған.