Астанада спорт мектептерінің алғашқы жәрмеңкесі өтті
«Заң және Тәртіп» нарративі мен «Жас үміт» жобасы аясында Сарайшық ауданы прокуратурасының үйлестіруімен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Өз бағытыңды таңда!» ұранымен елордадағы №113 мектепте спорт жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оған 200-ден астам оқушы қатысып, Астананың балалары мен жасөспірімдеріне арналған 10 спорт мектебінің жұмысымен және мүмкіндіктерімен танысты.
Мектеп оқушыларына спортты таңдау есірткі сынды зиянды әдеттерден алшақ жүріп, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Жәрмеңкеде әртүрлі бағыттар таныстырылды. Хоккей мектебі 5 жастан бастап балаларды қабылдап, болашақта «Барыс» пен халықаралық лигаларға ойыншылар дайындайды.
№6 веломектепте трек, тасжол және маунтинбайк бағыттары бойынша жаттығулар өтеді.
№4 мектепте су спорты түрлері дамытылып жатыр: жүзу, синхронды жүзу, ескек есу және суға секіру. №5 мектепте ойын түрлерінен (баскетбол, волейбол, гандбол) секциялар жұмыс істейді.
№2 мектеп қысқы спорт түрлеріне маманданған: шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру.
№3 мектеп бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика және таэквондо бойынша болашақ чемпиондарды тәрбиелейді.
№7 мектепте жекпе-жек түрлері қамтылған: самбо, каратэ, муай-тай, джиу-джитсу, кикбоксинг және ұлттық спорт түрлері.
№8 мектеп футбол мен футзалға шақырса, №9 мектепте атыс, семсерлесу, жеңіл атлетика және бадминтон үйретіледі.
№1 мектепте спорттық, көркем және батут гимнастикасы дамып келеді. Жәрмеңкеде белгілі спортшылар жүріп өткен жолдары жайлы ой бөлісті.
Олардың қатарында Олимпиаданың қола жүлдегері Арман Шылманов пен киокушинкай каратэсінен спорт шебері Динара Талғатбек бар. Қазіргі уақытта Астанада 8,7 мыңнан астам бала 405 жаттықтырушының жетекшілігімен спортпен тегін айналысады. Қалада 819 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл жаңа кешендер ашылып, Қ.Мұнайтпасов атындағы Орталық стадион жаңғыртудан өтеді.