Астанада әскери қызметшілер стадионда шыққан өртті сөндірді
Елордада ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жоғалған смартфонды тауып, иесін қайтарды және стадионда шыққан өртті сөндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде елорданың Алматы ауданында сағат 19:35 шамасында әскери жасақ бастығы Рысали Алыханов және патрульші сарбаздар қатардағы Алдияр Сағынтаев пен Әлинұр Дәулетханов «IPhone 13» маркалы телефоны тауып алады.
Ұландықтар бірден байланыс құралдары арқылы әскери жасақтар бойынша кезекші кіші сержант Нұрсұлтан Құрбанға хабарлап, телефон иесін іздеуге кіріседі.
Көп ұзамай телефонның иесі анықталып, сарбаздар шақырған жерге келеді. Әскери қызметкерлер өз кезегінде табылған телефонның осы адамға тиесілі екенін тексеріп, оған олжасын қайтарды.
Сол күні Сарыарқа ауданы көшелерінің бірінде әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Диас Омаров, патрульдік сарбаздар Абзал Ерғали және Самандар Хасанов қызмет бағдарында келе жатып стадионда өрт шыққанын байқады.
«Өртті көрген бойда жағдайды бағалап, оттың таралуын болдырмау және өрт сөндірушілер мен полиция жасағы келгенге дейін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стадионның жанын қоршауға алдық», - деді жасақ бастығы Диас Омаров.
Ұландықтардық хабарлауымен оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаудың ошағын оқшаулады.