Елорда жаңалықтары

Астанада шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатуды анықтау бойынша рейд өтті

Бүгін елордада шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатуды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Осындай тексеру іс-шарасы "Сарыарқа" ауданындағы дүкендерде жүргізілді. Оған аудан әкімдігі, аудандық полиция басқармасы, сондай-ақ елордалық белсенді жастар қатысты.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ең алдымен шағым көп түсетін аумақтар тексеріледі. Мысалы, ескі темір жол вокзалы аумағы. Мұндай іс-шаралар күнделікті жүргізіледі.

2024 жылы қалада шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату бойынша 70 жағдай анықталды. Кәсіпкерлерге 3 млн теңгеден асатын мөлшерде айыппұл салынды. Ал биыл жыл басынан бері мұндай дерек әзірше анықталмады.

Рейдтер барысында Республика, Жеңіс даңғылы, Гете, Ә.Молдағұлова, Ы. Дүкенұлы көшелері және т.б. қамтылды.

«Егер рейдтік іс-шара кезінде насыбай сатқан тұлғалар анықталса, оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде қарастырылған жаза қолданылады және насыбай  тәркіленетін болады. Ішкі істер  министрлігінің тапсырмасы бойынша рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады», - деді "Сарыарка" ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Кәбір.

Еске сала кетейік, Атырауда  өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шегілмейтін темекі өнімдерін тұтыну заңсыз әрі мәдениеттілікке жатпайтынын атап өтті. Соның алдын алу мақсатында Астана қаласы бойынша жұмыс тобы құрылды. Қаланың барлық ауданында бұл бағыттағы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.