Астанада «Сауатты ата-ана – сау отбасы» атты семинар өтті
Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мен «Бейсана» қазақстандық психологтар қауымдастығы бірлесіп «Сауатты ата-ана – сау отбасы» атты семинар өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналардың психологиялық сауаттылығын арттыру, отбасындағы тәрбиенің маңызын насихаттау және бала тәрбиесіне саналы түрде қарауға шақыру болды.
«Бүгінгі қоғамға психологиялық қолдау ауадай қажет. Қазіргі таңда психологиялық сауаттылық – қоғам дамуының басты талаптарының бірі. Адамдар өмірдің түрлі кезеңінде күйзеліске, уайымға, отбасылық немесе кәсіби қиындықтарға тап болады. Осындай сәтте кәсіби психологтың қолдауы психикалық денсаулықты сақтауда шешуші рөл атқарады», - дейді «Бейсана» қазақстандық психологтар қоғамдастығының төрайымы, психолог, психотерапевт Ғалияш Махашева.
Семинарда отбасы институтын нығайтудың маңыздылығы, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі, сондай-ақ отбасындағы психологиялық қолдаудың қажеттілігі кеңінен сөз болды. Іс-шараға психология, медицина және педагогика салаларынан тәжірибелі мамандар қатысып, өздерінің практикалық білімдері мен кеңестерін ортаға салды.
Спикерлердің қатарында отбасылық психологтар, балалар дәрігерлері, педагогика ғылымдарының кандидаттары және тәжірибелі әлеуметтік қызметкерлер болды. Олар қазіргі қоғамдағы ата-аналардың жиі кездесетін мәселелерін атап өтіп, сол қиындықтарды шешудің тиімді жолдарын ұсынды.
«Отбасы татулығы – баланың психологиялық саулығының кепілі.
Ер мен әйел арасындағы қақтығыстар уақытша болса да, оның салдары бала жүрегінде ұзақ сақталады. Сол себепті, ата-ана ең алдымен баласының болашағын ойлап, өзара түсіністікке, сыйластыққа ұмтылғаны жөн. Себебі бақытты отбасының шаңырағында ғана бақытты бала өседі», - дейді Отбасы академиясының негізін қалаушы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев.
Семинар барысында қатысушыларға арналған интерактивті жаттығулар мен тренингтер өткізілді.
Семинарға қатысушылар іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Көптеген ата-аналар өздерінің бала тәрбиесіндегі қателіктерін түсініп, жаңа әдіс-тәсілдермен танысқандарына қуанышты екендерін жеткізді.
«Мұндай семинарлар бізге өте қажет. Қазіргі заманда баламен дұрыс сөйлесудің, оны түсінудің, тыңдай білудің өзі – үлкен өнер. Бүгін мен көптеген пайдалы ақпарат алдым. Ең бастысы – баламмен қарым-қатынасымды жақсартуға көмектесетін нақты әдістерді үйрендім», – дейді семинарға қатысушы Гүлнар есімді астаналық тұрғын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Себебі сауатты ата-ана – тек өз баласының ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына жауапты тұлға.
Ата-аналарға арналған психологиялық, педагогикалық және медициналық бағыттағы оқыту мен кеңес беру жұмыстарын кеңейту – отбасы институтының дамуына жасалған маңызды қадамдардың бірі.