Елорда жаңалықтары

Астанада сарапшылар жасанды интеллектіні салаларға енгізу мәселесін талқылады

Елордада мемлекеттік органдардың, білім беру және технологиялық мекемелердің өкілдері қатысқан сараптамалық сессия өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Онда жасанды интеллектіні (AI) дамыту, цифрландыру, инвестициялар тарту және Smart City тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сессияға қатысушылардың қатарында Астана әкімдігі жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшелері де болды.
Жиынды ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов қатысушыларды құттықтап, елордадағы цифрлық трансформацияның кешенді сипатын ерекше атап өтті.
«Бүгінде біз үшін жекелеген цифрлық шешімдерді енгізу ғана емес, қаланың бірыңғай, қауіпсіз және басқарылатын архитектурасын құру маңызды. Жасанды интеллект осы экожүйенің қосымшасы емес, өзегіне айналуы тиіс. Ол елорданың тиімді әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етуі керек», – деді Евгений Глотов.
Сессия модераторы – Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов.
Оның айтуынша, мұндай кездесулер мемлекет, бизнес және сарапшылар арасындағы жүйелі диалог орнатуға, сондай-ақ елордада AI бастамаларын енгізу бойынша ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында қалалық AI-экожүйені дамыту бағыттары кеңінен қаралды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаев ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда деректерді берудің ұлттық гиперм магистралі салынып жатыр және ел бойынша деректерді өңдеу орталықтарының желісі дамуда. Бұл жүйе жалпы киберқауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов білім беру мен адами капиталды дамыту саласындағы бастамаларды таныстырды. Оның ішінде мұғалімдерге арналған жасанды интеллект бойынша тағылымдамалар ұйымдастыру және мектептегі AI жобаларын қолдау бастамалары бар.
«AI Human Capital жұмыс тобы аясында біз екі бастама ұсындық. Біріншісі – мектеп мұғалімдерін жасанды интеллект негіздеріне оқыту. Бұл педагогтарға өз сабақтарында AI элементтерін қолдануға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде бірінші топты Ұлыбританияға «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамаға жіберуді жоспарлап отырмыз.
Екіншісі – мектептермен кураторлық жұмыс. Кеңес құрамында жеке мектептері бар, цифрлық білім беруде табысты тәжірибесі бар мүшелеріміз бар. Сол тәжірибені астаналық мемлекеттік мектептерге енгізіп, мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын, soft skills және бизнес дағдыларын дамытуға ниеттіміз. Бұл – жасанды интеллектіні өмірде және білімде тиімді қолдана алатын жаңа буынды қалыптастырудағы маңызды қадам», – деді Әділ Құсманов.
Сондай-ақ ол алғаш рет Астанада арнайы AI-кеңес құрылғанын атап өтіп, елорданың жасанды интеллект пен цифрлық инновацияларды дамытудағы көшбасшы болуға тиіс екенін айтты.
Қазақстандағы Жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева Qaz.AI қауымдастығының жұмысы жайлы айтты. Бұл ұйым жасанды интеллект саласындағы мамандарды, кәсіпкерлерді және зерттеушілерді біріктіреді.
 Қауымдастық технологияларды этикалық тұрғыда қолдану стандарттарын дамытып, стартаптарды қолдайды және мемлекеттік, жеке және ғылыми сектор арасындағы әріптестікті нығайтады.
Astana Hub басқарушы директоры Жамбыл Махметов AI-инициативаларды дамыту тәжірибесімен бөлісті. Ол акселерациялық және білім беру жобалары – TUMO School, Tech Orda және Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект мектебі 01 EDU Tomorrow School бағдарламалары туралы айтты.
Сессияға студенттер, стартап өкілдері және Astana Hub резиденттері де қатысты.
«Осындай ауқымды жобаның бір бөлігі болғаныма қуанып отырмын. Бұл тек жасанды интеллектіні зерттеу емес, оның ел мен әлемге тигізетін әсерін терең түсіну. 
Мұндай кездесулер үлкен шабыт береді, ортақ іске өз үлесіңнің бар екенін сезіндіреді», – деді қатысушы Динара Майрамбаева.
Сессия қорытындысында қатысушылар жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық инфрақұрылымды нығайту және болашақ экономикасына кадрлар даярлау салаларында күш-жігерді біріктірудің маңызын атап өтті.