Елорда жаңалықтары

Астанада Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына арналған фестиваль өтті

Астана қаласының Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты республикалық аймақтық фестиваль өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға Астана қаласының педагогтері және Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы, Батыс Қазақстан облысының педагогтері мен білім алушылары, республика көлеміндегі С.Сейфуллин есімі берілген білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқушылары, ЖОО оқытушы профессорлары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.

Фестиваль аясында ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінің құнды пікірлері тыңдалып, педагогтер мен білім алушыларға арналған байқаулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Республика көлеміндегі С.Сейфуллиннің есімі берілген мектептердің ерекшеліктері және Сәкен мұражайлары мен кабинеттерінің білім алушылар мен педагогтердің шығармашылық және зияткерлік қабілетін арттырудағы құндылықтарын дәріптейтін телекөпір өтті.

«Бүгінгі іс-шарамыз Оқу-ағарту министрінің 2024 жылы 30 шілдедегі №194 бұйрығына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Мұндағы мақсат – Сәкен Сейфулиннің шығармашылығын, әдеби мол мұрасын жаңғырту, насихаттау, талантты, шығармашыл оқушыларды анықтап, педагогтердің тәжірибе алмасуына көмектесу», – дейді Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Жангелді Әмірғалиев.