Елорда жаңалықтары

Елордада республикалық оқушылар айтысы өтеді

Астанада «Егемендігім – елдігім» атты республикалық оқушылар айтысы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқу-ағарту министрлігі Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағымен бірлесіп жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында елімізде тұңғыш рет «Егемендігім - елдігім» атты республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысын ұйымдастырады.  

«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында  «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасының алғашқы тоқсанының қорытындысы ретінде 2024 жылдың 31 қазаны мен 1 қараша күндері өтеді.

Айтыстың мақсаты:

  • Республика күні мен Тәуелсіздік күні мерекелірінің маңызын,  ҚР мемлекетік рәміздерін,  Астана қаласы мен еліміздің басқа өңірлерінің жетістіктерін, ұлттық құндылықтардымызды  ақындық өнер арқылы жас ұрпаққа насихаттау;
  • Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу;
  • Жас ұрпақтың шығармашылық  дамуына жағдай жасау;
  • Мектеп оқушыларының рухани-мәдени әлеуетін дамыту;
  • Мектеп оқушыларының эстетикалық тәрбие жүйесін жетілдіру.

Жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікзат Дүйсенғазы.

Айтыстың жүргізушісі, ақын, тележүргізуші Мейірбек Сұлтанхан.

Оған еліміздің 20 өңірінен 12 мен 18 жас аралығындағы 22 жас ақын қатысады. Айтыстың қазылар алқасының құрамында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері болады. Айтыстың Бас жүлдесіне қаржылай сыйлық пен  және арнайы жасалған  домбыра табыс етіледі.

Өтетін орны:

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Оқу-зертханалық ғимаратының концерт залы (Қажымұқан көшесі, 11).

Айтысты үйлестіруші: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Топжарған» жас ақындар клубы және «El Umiti»  корпоративтік қоры.

Айтыс Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде сағат 14:00-де болады.

Кіру – тегін.