Елорда жаңалықтары

Астанада Республика күніне орай мерекелік автошеру өтті

Астанада Республика күніне орай автошеру өткізілді. Оған Мемлекеттік тумен безендірілген 40-қа жуық жеңіл автокөлік қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Республика күніне орайластырылған мерекелер аясында «Астана жастары» ЖРО-мен бірлесіп, мерекелік автошеру ұйымдастырды.

Еліміздің жалауы бар автомобильдер елорда көшелерімен жүріп өтті.

«Баршаңызды ұлы іс-шаралардың бірі – Республика күнін мерекелеумен құттықтаймын. Бүгін біз 20 шақырымдық маршрутты жүріп өттік. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік мерекелерді есте сақтау және бағалау үшін маңызды», - деп атап өтті Астана автомотоспорт федерациясының басшысы Анатолий Бондарь.

«Біз бұл күн елімізде жоғары деңгейде аталып өтетінін көрсеткіміз келді. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерді құрметтеу. Мұндай іс-шаралар еліміздің әр қаласында өтеді. Бұл автошеру нағыз челлендж бен дәстүрге айналады деп үміттенеміз. Мұндай іс-шаралар жыл сайын өткізіледі. Іс-шараны қолдағандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамыз», - деді Жастар және отбасы істері комитеті жастар саясатын үйлестіру басқармасының басшысы Ақұлан Тастемір.

Естеріңізге сала кетейік, Республика күніне орай Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, соның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және тағы басқалар өткізу жоспарланған.

Іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын алаптардың аумақтарында, білім беру ұйымдарында және т.б. орындарда өтеді.

Сондай-ақ 25 қазан күні сағат 21:00-де Астанадағы Триатлон паркінің (Пирс ауданы) аумағында демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылған мерекелік отшашу болады.