Елорда жаңалықтары

Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 баспасөз жиыны өтті

Бүгін елорда төрінде үшінші мәрте өткелі жатқан дзюдодан әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam («Үлкен дулыға») бәсекесінің алдында ұйымдастырушылар дайындық барысы бойынша ойларын бөлісті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Баспасөз конференциясына Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) спорт директоры Армен Багдасаров, IJF рефери директоры Флорин Дэниел Ласкау, IJF коучинг пен білім беру департаментінің директоры Мохамед Мериджа қатысты. Сондай-ақ журналистердің сауалдарына Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті Ержан Зайдинов, федерацияның атқарушы директоры Айбек Имашев пен Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Қален Қалиұлы жауап берді.

«Қазақ жеріндегі Grand Slam-ның орны бөлек. Себебі 2024 жылғы жарысымыз Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы турнирлердің бірі болып еді. Енді биылғы додамыз маусым айында Венгрияда өтетін әлем чемпионаты алдындағы шешуші бәсеке болмақ. Жаһандық жарысқа рейтингтегі ТОП-100 спортшы ғана қатыса алатындықтан, бірқатар спортшылар ұпай алып кетуді көздейді», - деді Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев.
 

Биыл Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін бұл бәсекеге әлемнің 47 елінен 412 спортшы тіркелген. Қатысушылар қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Нагасе Таканори (Жапония), Рафаэла Сильва (Бразилия), Беатрис Соуза (Бразилия), Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан), Целидис Теодорос (Грекия) және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары Нилс Штумп (Швейцария), Тамаоки Момо (Жапония), Неманья Маидов (Сербия) бар.



2023 жылғы алғашқы дзюдодан әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде жерлестеріміз 1 алтын, 1 күміс, 5 қола иеленсе, 2024 жылы 1 алтын, 5 қола алған. Осы орайда журналистер биылғы «Үлкен дулығада» қанша жүлде алатындығын да сұрады.
 

«Qazaqstan Barysy Grand Slam-ның басты ерекшелігі – өз елінде қабылдайтын мемлекет әр салмақта 4 спортшыны қатыстыра алады. Бұл жастарымызға керемет мүмкіндік. Үлкен жарыстарда, Астанамызда атақты дзюдошыларымызбен күресе алады. Біздің құрамадан 40 отандасымыз жүлдеге таласады. Нақты қанша жүлде алатындығын айта алмаймын. Бірақ жанкүйерлердің алдында соңына дейін күресетініне сенімдімін. Өздеріңіз білетіндей, 2027 жылы Қазақстан екінші мәрте әлем чемпионатын қабылдайды. Биылғы жарыс та сол додаға дайындықтың бірі ретінде саналады», - деп Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Қален Қалиұлы өз пікірін білдірді.
 

Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін 700, ал ІІІ орын үшін 500 ұпай есептелетін болады.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.

Бұған дейін біз Астанада өтетін Grand Slam әлемдік турниріне қатысатын қазақстандық дзюдошылардың есімдерін жарияладық.

Дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі Астанада 9-11 мамыр күндері өтеді.