Астанада пиротехникалық заттарды сату кезінде 117 заңсыздық тіркелді
Жаңа жылдық мереке күндері тәртіп сақшылары Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдарды айналымнан шығару мақсатында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Балалар жарақатының алдын алу мақсатында мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар балаларға пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға жол бермеу, өрт қауіпсіздігі және жеке қауіпсіздік шаралары туралы дәрістер жүргізуде.
«Базарлар мен сауда, ойын-сауық орталықтарында күнделікті рейдтер жүргізілуде. Жедел алдын алу шарасы барысында пиротехникалық заттарды заңсыз сатудың 117 фактісі анықталып, 2 452 дана пиротехникалық бұйымдар айналымнан шығарылды, тауарлар мен басқа да заттарды заңсыз саудалаған 117 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген Астана қаласы Полиция департаментінің хабарламасында.
Сонымен қатар сақшылар пиротехникалық өнімдерді контейнерлерден тыс сақтауға, рұқсат қағазы мен лицензиясы жоқ тұлғалардың ашық павилионда, автокөлікте, палаткаларда, қолдан және жерасты жолында сатуға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.