Елорда жаңалықтары

Астанада педагогтерге арналған ғылыми-тәжірибелік семинар өтіп жатыр

Елордада Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Абайдың «Толық адам» ілімі – қазақ руханиятының темірқазығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Семинар Абай шығармаларын оқыту әдістемесін жетілдіру, Абай мұрасын, оның дүниені танудағы философиялық ой-тұжырымдарын білім беру ұйымдарында оқыту  мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар инновациялық технологияларды меңгеру арқылы жаңашылдығымен, шығармашылдығымен ерекшеленетін кәсіби педагогтер мен креативті ойлайтын білім алушыларды анықтау арқылы педагогтердің тәжірибе алмасуын жүзеге асыруды көздеді.

Ауқымды шара алдымен Абай Құнанбаевқа арналған көрмеден басталды.

Әрі қарай семинар қатысушылары «Абайтану» кабинетін аралады.

Ашылу салтанатында мектеп оқушылары ұлы Абайдың шығармаларынан өлең оқыса, 180 ұстаз бірге «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады.

Астана халықаралық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Галияпану Резуанованың айтуынша, ауқымды шараға 500-ге жуық педагог қатысуда.

«Бүгін Астана халықаралық университетінің Педагогикалық институты, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы және №101 орта мектебі бірлесіп ауқымды ғылыми семинар ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі шараға жалпы 500-ге жуық педагог  қатысып отыр. Семинар 4 бағыт бойынша өтуде. Алғашқы бағыт «Өнерпаз болсаң арқалан ...»  деп аталады. Екіншісі - «Ғылым таппай мақтанба ...», мұнда ғылыми бағыт бойынша қарастырсақ, үшіншісі - «Ұстаздық еткен жалықпас …» әдістемелік бағыты бойынша өтуде. Бұл бағытта 2 секция жұмыс істейді. Онда мектеп мұғалімдері өздерінің Абайды қалай оқытып жүргендерін және авторлық шеберліктерін талқылайды. Төртінші бағытты менеджментке байланысты «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп атадық. Жалпы осындай іс-шаралардың жақсы нәтиже беретініне сенімдімін», - деді Галияпану Резуанов.

Жиынға Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қызметкерлері, ЖОО профессор-оқытушылары, мәдениеттанушылар, әдебиеттанушылар, педагогтер және Абай ілімін зерттеп жүрген ғалымдар, философтар мен мектеп директорлары қатысып жатыр.

Сонымен қатар жиынға Абайдың бәйбішесі Ділдәдан сүйген тұңғыш баласы Ақылбайдан тараған Ләйлә Баймағамбетова шақырылды. Ол педагогтерге өзінің өмірбаяны туралы баяндап, сұрақтарға жауап берді.

«Менің ойымша бүгінде білім саласында Абай атамыздың ілімі керемет насихатталып келеді. Мектеп атауы, жеке кабинеттер мен мұражайлардың ашылуы, көше мен облыс атауларына Абай есімін беру соның дәлелі деп білемін», - деді Ләйлә Баймағамбетова.


Әдістемелік орталық басшысының орынбасары Жангелді Әмірғалиев ауқымды шараны ұйымдастырған мекемелерге алғыс білдірді.

«Бүгінгі жиын ұлттық санамызды жаңғыртудың, рухани тереңдікке бойлаудың, әрі адам тәрбиесі туралы ілімді  заманмен үндестіре зерделеудің  тамаша алаңы болады деп отырмыз.  Абайдың «Толық адам» ілімі тек бір тарихи кезеңде ғана емес, оны барша адамзатқа айқындайтын керемет бағдар деп айтар едім. Заманауи білім беру жүйесінің негізгі міндеті болып табылатын тұлғаны жан-жақты  дамыту осы Абай атамыздың іліміне негізделеді. Қазіргі біздің басты мақсатымыз сол білімді жастардың бойына сіңіруге ықпал ету деп білемін. Бүгінгі осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырған барлық мекемелерге Білім басқармасы атынан алғыс білдіремін», - деді Жангелді Әмірғалиев.