Елорда жаңалықтары

Астанада «Пайғамбар – ізгі қоғам жаршысы» атты Мәуліт кеші өтті

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен Бейбітшілік және келісім сарайында «Пайғамбар – ізгі қоғам жаршысы» атты Мәуліт кеші өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәуліт кешін бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы салтанатты түрде сөз сөйлеп ашты. ҚМДБ төрағасы Мәуліт айымен елорда жұртшылығын құттықтады.

«Қасиетті Мәуліт баршамызға мүбарак болғай! Біздің жыл сайын асыға күтетін Мәуліт мерекесінде қауышып, көріскенімізге шын жүректен қуаныштымыз.

Бүгін Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айту үшін жиналдық.

Алла Тағала Құран Кәрімде «Расында Алла Тағала Пайғамбарға рақмет етіп, періштелер салауат айтады. Уа, иман келтіргендер, Оған салауат пен иман жолдаңдар» деп бұйырады. Алла Тағала рухани, қайырымдылық кешіне басып келген қадамдарыңызға мол сауаптан жазсын!» - деді Бас мүфти.

Кеште қасиетті Мәуліт жыры оқылып, елдің амандығы үшін дұға жасалды. Сондай-ақ әсерлі жыр-термелер орындалды. Сол сияқты кеш көрермендері үшін арнайы көрме де ұйымдастырылды.

Айтулы кеште белгілі әнші, композитор Құрмаш Махан ән салса, «Номад» этно-фольклорлық ансамблі көпшілікке өнерлерін паш етті.

Сондай-ақ Аstana Musical театрының актерлері өз өнерлерін көрсетіп, түрлі тақырыптарда қойылымдар ұсынды.

Мәуліт кешінің билеттерінен түскен қаражат түгелімен қайырымдылыққа арналып, кеш соңында 10 адамға «Мәуліт сыйлығы» берілді.

ҚМДБ осы жылды дін саласында «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп жариялады.