Астанада отбасы құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін байқау өтті
Елордада «Әже, келін, немере. Ата, бала, немене» атты отбасыаралық байқау өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұрпақтар сабақтастығы жобасы аясындағы шараға елорданың бес ауданының ең үздік әулеттері қатысты. Шараның мақсаты да сол, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау, ағайындар арасындағы береке-бірлікті паш ету.
Байқауды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Ардагерлер кеңесі ұйымдастырды. Үш жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан бұл бағдарлама отбасы институтын дамытуды көздейді. Байқауға қатысқан барлық отбасылар ұлағатты ата, ардақты әже, үлгілі әке, ибалы келін, үкілі қыз, мейірімді бала тақырыбын ашып, өз отбасындағы жетістіктер туралы таныстырды.
Есіл ауданынан шыққан ұшқыштар династиясы – Хамзиндер отбасы бір әулетте авиация саласында 28 адамның жұмыс істейтінін мақтанышпен таныта білді. Әулет анасы Марал Хамзина қазақтан шыққан тұңғыш бортсерік қыз болса, бүгінде немере сүйіп отырған ақ жаулықты әже.
Сарыарқа ауданының намысын қорғаған Ахметов Кендай әулеті өз өнерлерімен алға шықса, Байқоңыр ауданынан қатысқан Ысқақов Дүйсенхан әулеті нағыз ағайындылардың ауызбіршілігін көрсетті. Алматы ауданынан бақ сынаған Қуандық Дүкесовтер әулеті үлгілі ананың, үкілі қыздың рөлін айрықша алып шықты. Нұра ауданынан келген Ахметжановтар отбасы да ұлттық құндылықтарды насихаттауда алға жан салмады.
Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов мұндай байқау балаларды еңбекқорлыққа, үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, жалпы адамгершіліктің барлық ережелерін үйренуге, халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, оны бағалай білуге тәрбиелейтінін айтты.
Байқау соңында өнер көрсеткен барлық отбасыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Гүлмира Аймағанбет