Елорда жаңалықтары

Астанада «Опералия» халықаралық фестивалі басталды

«Опералия» халықаралық музыка фестивалінде Ролан Птидің бірден үш туындысының премьерасы қойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Осы кеште көрермен белгілі француз хореографының танымал бір актіден тұратын балеттерін тамашалады. Атап айтсақ, «Арлезианка», «Бозбала және Өлім» және «Кармен» спектакльдері ұсынылды. Қойылымдар «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен сахналанды.

Аталмыш спектакльдерді Қазақстан сахнасына қоюшы-балетмейстер Луиджи Бонино және суретші Жан-Мишель Дезире, отандық ассистентерімен бірге алып келді. «Астана Опера» оркестріне Элмар Бөрібаев пен Руслан Баймурзин дирижерлік етті. Премьерада балет жұлдыздары, труппаның жетекші солистері, солистер мен кордебалет әртістері өнер көрсетті.

Фестиваль екі айға жалғасады. 6 маусым күні ресейлік тенордың қатысуымен Ж. Бизенің «Кармен» операсы ұсынылады. Одан бөлек осы айда екі жарқын премьера – П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы аруы» мен В. Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» қойылады. 29 маусымда Қытай мен Ресейдің балет жұлдыздары қатысатын гала-балет өтеді. Ал шілдеде елордалықтар мен қала қонақтары Дж. Пуччинидің «Богема» операсы тамашалай алады. Онда Италия мен Қытайдан шақырылған солистер өнер көрсетеді. Сондай-ақ XXI ғасыр балеті Р. Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» және В. Цукеттидің Souvenir de danse қойылымдары ұсынылады.

Дж. Пуччинидің «Турандот» гранд-операсы Қазақстан мен Ресей жұлдыздарының қатысуымен өтеді.

Бұдан бөлек, К. Байсейітова атындағы Камералық залда бірқатар концерттер ұйымдастырылады. Атап айтсақ, Болгариялық скрипкашы Павел Миневтің кеші, Салауат Карибаев пен Алияр Өтетлеу қатысатын виолончель концерті, Мәскеуден келген Елман Ернұрдың фортепианолық солосы, қазақстандық композиторларға арналған вокал кештері көпшілік назарына ұсынылады. Жалпы, көрермен үшін 30-дан астам іс-шара жоспарланған.