Астанада Қоғамдық кеңес өкілдері инновациялық KazBerry сити-фермасымен танысты
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің өкілдері технология, білім және азық-түлік қауіпсіздігін біріктіретін KazBerry инновациялық сити-фермасына барып қайтты.
Бұған дейін KazBerry командасы Қоғамдық кеңес кемемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және Астана қаласында жидектер мен көкөністер өсіру жобасын ауқымдандыру мүмкіндіктерін талқылау мақсатында жүгінген болатын.
Осы өтінішке жауап ретінде Кеңес мүшелері қатарында «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Жанділдаев Бақдаулет, «Global Turbo Compressors» ЖШС техникалық директоры Камал Ибрахим, сондай-ақ Аяжан Утеуова — Бизнес, қоғам және мемлекет байланысы ассоциациясының президенті, стратег және қоғам қайраткері болды.
KazBerry — ауыл шаруашылығын жаңа деңгейде дамытуға және қалалардың азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қазақстандық жоба. Ол «Ғылым қоры» АҚ гранттық қолдауы аясында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда.
Жобаның негізінде гидропоникалық қондырғылар мен энергоүнемді LED-шамдар қолданылады. Бұл технология топырақсыз, пестицидтер мен гербицидтерсіз өнім алуға мүмкіндік береді және суды тұтынуды 90 пайызға дейін қысқартады. Жүйелер толық тұйық су айналымында жұмыс істейді, ылғалдың ысырабы мен қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмайды.
«Біз жай ғана ферма емес, қалалардың азық-түлік тәуелсіздігіне арналған құрал жасап жатырмыз. Кез келген мекеме біздің жүйемізді орнатып, алғашқы күннен-ақ жаңа өнім ала алады», — дейді жобаның директор орынбасары Алтынбек Омаров.
Жаңа буындағы сити-фермалар мектептерде, ауруханаларда, мейрамханаларда және тұрғын үйлерде орнатылып, бос қалалық кеңістіктерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен серіктестікте құрылған зертханада халықаралық IB бағдарламасының оқушылары биология, химия, агротехнология және кәсіпкерлік негіздерін тәжірибе арқылы үйренеді. Бұл оларға ғылымның нақты өмірде қалай қолданылатынын көруге және экологиялық ойлауды дамытуға мүмкіндік береді.
KazBerry командасы сондай-ақ «Гидропондық қондырғылардағы дренажсыз суару жүйесі» атты модельге Қазақстан Республикасының патентіне өтінім берді. Алдағы уақытта жоба Астана, Алматы, Шымкент және өзге де өңірлерде кеңейтілмек.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің сити-фермаға сапары қазақстандық ғылыми-техникалық жобамен жақынырақ танысуға және оның қалалардың тұрақты дамуы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызын талқылауға мүмкіндік берді.