Елорда жаңалықтары

Астанада қоғамдық көлік жүргізушілеріне арналған демалыс алаңдарын абаттандыру жұмыстары басталды

Қазіргі таңда қала бойынша 5 соңғы аялдамада асфальттау жұмыстары аяқталып, алдағы екі ай ішінде жүргізушілердің жайлылығы үшін жылы дәретханалар орнатылады. Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Табиғат Зейнұлқабден өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жыл соңына дейін тағы 10 аялдамада жылы павильондар мен биодәретханалар орнату жоспарлануда. Бұл нысандардың күтімімен №1 автобус паркі айналысады.

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбек жағдайын жақсарту мақсатында Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына, сондай-ақ автопарк басшылығына белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын уақытылы аяқтау тапсырылды», - деп жазды ол.