Астанада «Нұрлы жол» вокзалына барар жолда екі көлік қоршауға соғылды
Астанада «Нұрлы жол» теміржол вокзалына апаратын жолда жол-көлік оқиғасы орын алды. Екі көлік жол қоршауына соғылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта жүргізушілердің жолдағы кедергіні байқамағаны айтылған.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, екі жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«5 қазан күні Шаймерденов көшесінде Lada-2190 және ВАЗ-2115 автомобильдерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Екі жүргізуші де Астана-Қарағанды тас жолы жағынан Байтұрсынов көшесінің бағытына қарай жүріп, қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізбей, жол жұмыстарын жүргізу учаскесінде орнатылған бетон блоктарға соғылған. Оқиға салдарынан ВАЗ-2115 автокөлігінің жүргізушісі жеңіл жарақат алды. Медициналық тексеруден кейін ол амбулаториялық емделуге жіберілді. Жол ережесін бұзу фактісі бойынша екі жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.