Елорда жаңалықтары

Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Ауыл-Fest» мерекесі өтті

Астанадағы №91 мектеп-гимназиясында «Атамекен» киіз үй лагерінде 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай кең ауқымды «Ауыл-Fest» мерекесі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара ұлттық рух пен патриоттық сезімді ұштастырып, балаларға мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын ерекше форматта жеткізуді мақсат етті. «Ауыл-Fest» мерекесі «Атамекен» киіз үй лагерінің аумағында ұйымдастырылып, 10 түрлі тақырыптық локацияны қамтыды. Онда ұлттық ойындар, спорттық жарыстар, викториналар, зертханалық тәжірибелер, қолөнер, тағам дайындау шеберлік сабақтары және түрлі шығармашылық алаңдар болды.

Мерекенің шымылдығы «Әжелер мектебі» жобасының белсенді мүшесі Зүлфина Бақытқызының батасымен ашылды. Ол балалар мен тәлімгерлерді киіз үйден ас атасы — наннан дәм татып, қасиетті нанды құрметтеуге шақырды.

Салтанатты шарада «Шаттық-2025» байқауының жүлдегері – «Жігер» домбырашылар тобы «Дала рухы» күйін тартса, Іңкәр Мұқамедияр «Менің елім» әнін орындады. Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі — «Көк тудың желбірегені» әнінің фонында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көкке көтерілген сәті болды. Бұл көрініс оқушылардың жүрегінде ерекше патриоттық сезім оятты.

Лагерь – демалыс пен тәрбиенің ұштасқан ортасы

№91 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Ахметова:

«Мұндай мерекелер патриоттық рухты көтеру үшін аса қажет. Балалар ойын арқылы тек мерекеге қатысушы ғана емес, Қазақстан Республикасының азаматы екенін сезінеді. Олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде танып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді», – деді.

Мектеп жанындағы үш лагерь — «Жазғы camp», «Тұлға camp» және «Атамекен» киіз үй лагері өз ерекшеліктерімен танылып келеді.

Лагерь басшысы Дана Әубәкірова:

«Жазғы camp» 1-4 сынып оқушыларына арналған болса, «Тұлға camp» – бейіндік бағыттағы лагерь. Ал «Атамекен» киіз үй лагерінде тек қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүр мен өнер насихатталады. Бүгін осы лагерьде үлкен «Ауыл-Fest» өтуде. Балаларға қазақ халқының қонақжайлығын, ұлттық болмысын таныстырып жатырмыз», – деп атап өтті.

Мамандықтар күні – болашаққа бағдар

Іс-шара барысында оқушылар түрлі бағытта өнер көрсетті. Тәлімгер Жомарт Орал:

«Бүгін ұл балаларға ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасатудамыз. Тудың символы – күн мен бүркітті бейнелеу арқылы балалар рәміздерге деген құрметті шығармашылықпен жеткізуде. Бұл – олардың бойында ұлттық құндылық пен патриоттық сезімді қалыптастырады», – дейді.

10 локация – 10 түрлі бағыт

Аталған іс-шара 10 түрлі белсенді аймаққа бөлінді:

            1.         «Шертпе» және «Бес тас» үстел ойындары

            2.         «Sport-Drive»

            3.         «Тоғызқұмалақ»

            4.         «Асық ату»

            5.         «Арқан тарту»

            6.         «Шахмат» аймағы

            7.         «Art-Face» (ою-өрнек салу)

            8.         «Ғылыми аймақ»

            9.         «Art-Lab» шығармашылық аймағы

            10.       Қолөнер және тағам жасау алаңы

Лагерь тәлімгері Ботагөз Еспенбетова балалардың жейделеріне «Атамекен» лагерінің логотипін қолдан жазу арқылы шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беріп жатқанын айтты.

3-сынып оқушылары Ильхан, Алина және Ясмина лагерьдің қызықты әрі мазмұнды өтіп жатқанын қуанышпен жеткізді.

«Біз бүгін рәміздер күнін ерекше атап өтіп жатырмыз. Түрлі ойын ойнап, ән айтып, ұлттық тағамдармен танысып жатырмыз. Маған бәрі қатты ұнады!», – дейді олар.

Ал Керемет Әмзебек лагерьде бауырсақ пісіруді үйренгенін ерекше қуанышпен жеткізді:

«Бұл – біздің ұлттық тағам. Енді оны өзім пісіре алатыныма қатты қуанып тұрмын», – деді ол.

Мектеп директоры Алмагүл Сегізбайдың жетекшілігімен мектеп ұжымы, «Қамқор» еріктілер клубы және Астана педагогикалық колледжінің тәжірибеден өтуші студенттері іс-шараны ұйымдастыруда белсенділік танытты.

Мақсат – ұрпақ санасына ұлттық рух сіңіру

«Ауыл-Fest» мерекесінің басты мақсаты оқушыларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің маңызын ұғындыру, ұлттық ойындар мен дәстүрді дәріптеу, патриоттық рухты қалыптастыру, сондай-ақ жазғы демалысты мазмұнды өткізуге жағдай жасау болды.

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – әр азаматтың парызы. Бүгінгі мереке арқылы елордалық оқушылар өз елінің нағыз патриоты болуға бір қадам жақындай түсті.

Көк туымыз мәңгі көгімізде желбірей берсін!

Авторы: Ақнұр ТҰЯҚБАЙ