Елорда жаңалықтары

Астанада мектеп оқушылары Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевпен кездесті

Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі Республика күні қарсаңында бірнеше ауқымды іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Атап айтқанда, боксшы, Олимпиада чемпионы, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері Бейжің және Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевпен кездесу ұйымдастырды.

«Батыл болыңдар, өздеріңе сенімді болыңдар, алғашқы қадамдарыңды бастауда қорықпаңдар. Бірақ әр қадамдарыңды ел игілігіне арнаңдар», - деді  Серік Сапиев оқушыларға.

Мектеп директоры Гүлжан Дәрібайқызы оқушылар үшін бұл кездесудің маңыздылығы туралы айтты.

«Кездесу барысында оқушылар қонағымыздың әңгімесін ұйып тыңдады. Арасында сұрақтарын қойып отырды. Еркін форматта өткен кездесу барысында «Нағыз спортшы қандай болу керек?», «Қалай жетістікке жетуге болады?», «Жеңілісті қалай қабылдап, оның эмоциясынан қалай шығуға болады?», «Серік аға, мен боксшымын, бір әдіс үйретесіз бе?» деген секілді сұрақтар қонағымыздың жиі езу тартуына себепкер болды. Бүгінгі кездесу мектептің ер балаларына үлкен мотивация берді. Тіпті олар спортшыны далаға дейін шығарып салып, қимай қоштасты. Кездесу соңында Серік Сәпиев оқушыларымызға «Батыл болыңдар, өздеріңе сенімді болыңдар, алғашқы қадамдарыңды бастауда қорықпаңдар. Бірақ әр қадамдарыңды ел игілігіне арнаңдар» деп айтты», - деді мектеп басшысы Гүлжан Дәрібайқызы.

Сондай-ақ бүгін Олимпиада чемпионының қатысуымен мектепте заманауи инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

«Бүгінгі таңда 40 ерекше оқушымыз бар. Олардың 27-сі педагог-ассистент. Мамандардың көмегімен 13 ерекше оқушы өздері келіп, білім алып жатыр», - деді директор.