Елорда жаңалықтары

Астанада медицина саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

Астанада денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Кездесуде елорданың медициналық ұйымдарында енгізіліп жатқан жасанды интеллект технологияларын қолдануға бағытталған қолданыстағы және болашақ жобалар қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Отырыс медицина саласындағы цифрландырудың келешекті стартап-жобаларын талқылауға және тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналды.

Стартап иелері бірқатар инновациялық шешімді таныстырды. Олардың қатарында бастапқы қабылдауды автоматтандыратын ЖИ-боты бар телемедициналық платформа, медициналық бейнелерді талдау жүйесі, сондай-ақ сүт безі қатерлі ісігін диагностикалауда терең нейрондық желілерді қолдануға бағытталған жобалар бар. Бұдан бөлек, медициналық ақпараттық жүйемен интеграцияланған, қашықтан тексеру мен кеңес беруге мүмкіндік беретін мобильді диагностикалық кешен ұсынылды.

Айта кетейік, өткен аптада елордада Digital Bridge 2025 халықаралық форумы өтіп, әлемдік цифрлық технологиялар саласындағы жетекші сарапшыларды жинаған болатын.

Қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның айтуынша, Астана әлемдік үрдістерден қалыс қалмай, цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізіп келеді.

«Біз стартаперлерге өзіміз қадам жасап, мәселелер туралы ашық сөйлесіп, тиімді технологиялық шешімдерді бірлесе іздеуге дайынбыз», – деді әкім орынбасары.