Елорда жаңалықтары

Астанада мұғалімдер мен ата-аналарға арналған тегін шеберлік сабақтары өтті

Астана қаласында CREATIVITY AND SCIENCЕ атты мұғалімдер мен ата-аналарға арналған жаңа жобаның тұсауы кесілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа бастама аясында мұғалімдер, ғалымдар, инженерлер мен креатив саланың өкілдері тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, STEAM және PBL тәсілдерін өмірде, жұмыста және оқуда қолдану жолдарын түсіндірді.

«Біз жоба аясында білім беру алаңын ұсынып қана қоймай, ортақ идеяға біріккен жандардың қауымдастығын құрғымыз келеді. Бұл жерде осы салаға қызығатын мұғалімдер мен ата-аналар STEAM мен PBL жайлы көбірек біліп, бұл тәсілдерді оқу және тәрбие ісінде қолдануды үйренеді»,- деді STEAM.KZ білім беру платформасының негізін қалаушы Айдын Түсіпжанов.

Жобаның басты миссиясы – білім саласын дамытуға мүдделі адамдарға балаларды болашақ ғалым, инженер ретінде тәрбиелеуге мүмкіндік беретін құралдарды ұсыну.

Бірінші іс-шарада тәжірибелі мұғалімдер мен көшбасшы мамандар білімін бөлісті.

«STEAM тек техникалық мамандықтарды ғана қамтымайтынын түсінген жөн. Оның бізді қоршаған барлық нәрсемен байланысы бар. Мысалы, тарих сабағында мен балаларға күймелер туралы айтып, олардың әлемді қалай өзгерткенін баяндадым. Бұл ретте біз оқушылармен бірге дөңгелектің қалай жұмыс істейтінін анықтадық. Сонымен қатар оқушылар өз бетінше күйме жасап шығарды. Осылайша оқушылар тек тарихты оқып қана қоймай, физика, математика негіздерін жақсырақ түсіне алды»,- деп бөлісті Айткүл Жандарбекова.

Жоба аясында ұйымдастырылған алғашқы іс-шара ғылым мен білімге қызығатын 100-ден аса түрлі сала өкілдерін біріктірді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жобаның ауқымын кеңейтуді мақсат етеді.