Елорда жаңалықтары

Елордада әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 1 мың азық-түлік себеті таратылды

Елордада Республика күнін мерекелеу қарсаңында дәстүр бойынша мұқтаж азаматтарға азық-түлік себеттері таратылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Астана қаласы әкімдігі мен «Астана жастары» еріктілері Qazaq oil компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған бұл игі шарада елорданың әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына, сондай-ақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандарға 1 мың себет азық-түлік үлестірілді. Іс-шараға 100-ге жуық волонтер қатысты.

«Республика күніне арналған бұл қайырымдылық акциясы 3 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінде елорданың 5 ауданындағы әлеуметтік осал отбасыларға 1 мың себет таратылды. Олар – көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Азық-түлік себетінде күнделікті өмірге қажетті тауарлар бар. Атап айтсақ, күнбағыс майы, қант, ұн, сүт және т.б.», - деді Астана әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.

Қуаныш Молдабектің айтуынша, жалпы салмағы 45 тоннадан асатын азық-түлік себеттері бүгін жеткізіледі.

«Біз Qazaq oil компаниясына осы қайырымдылық шараға белсенді қатысқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Басқа да бизнес өкілдері мен меценаттарды осындай игі істерге атсалысуға шақырамыз. Қала әкімдігі мұндай шараларды жыл сайын өткізіп тұрады», - деді Қуаныш Молдабек.

Игілігі мол мұндай іс-шараға азық-түлік себетін алған отбасылар алғыстарын білдірді.

«Мереке қарсаңында мұндай құттықтау біз үшін күтпеген жағдай болды. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызды Республика күнімен құттықтағым келеді», - деп ерекше бала тәрбиелеп отырған Астана тұрғыны алғысын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада Республика күніне орай 100-ден астам мәдени-ағартушылық, спорттық және әлеуметтік іс-шара, оның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер және басқа да көптеген шаралар жоспарланған.

Іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын аудандарда, білім беру ұйымдарында және т.б. өтеді.

Сондай-ақ, 25 қазан күні сағат 21:00-де Астана қаласындағы Триатлон саябағының (Пирс ауданы) аумағында демеушілік есебінен ұйымдастырылған мерекелік отшашу жоспарланып отыр.