Елорда жаңалықтары

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысы өтті

Парламент Сенатының Спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылған кездесуге 19 елден келген дін қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ауқымды іс-шара түрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын көздейтін идеяға табан тірейді. Отырысқа қатысушылар қазіргі сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру жөнінде пікір алмасып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы VIII Съезінің күн тәртібін талқылады. Сондай-ақ жиын барысында Съездің Ізгі ниет елшілері сайланды және дін қызметкерлері жоғары наградалармен марапатталды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысушыларға ілтипат білдірді. Сондай-ақ ол рухани көшбасшылар 20 жылдан астам уақыт бойы Съезд аясында күш біріктіріп, діндер, мәдениеттер және халықтар арасындағы диалогты дамытуға, адамзатты алаңдатқан жаһандық проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы әртүрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын нығайтуға баса мән беріп келеді. Бұл ретте «Бірлігіміз әралуандықта» қағидаты Әділетті Қазақстан үшін маңызды негіз екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар Хатшылық басшысы қазіргі таңда жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен тығыз байланысты екенін, мұндай жағдай олардың ықпалын арттыра түсетінін айтып, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын тілге тиек етті. Геосаяси шиеленістердің салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп, халықаралық қоғамдастық қол жеткізген құндылықтарға нұқсан келуде.

«Бүгінде біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулымыз. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан және жағдайдың одан әрі ушығуынан сақтану үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік және климаттық дағдарыс сияқты сын-қатерлерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай проблемаларды азайту және еңсеру үшін барлық конструктивті күштердің әлеуетін біріктірудің мәні зор. Бұл ретте рухани дипломатияның маңызы артып келе жатқанын атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің мақаласында атап өткендей: «Қазіргі таңда әлемде саяси белгісіздік белең алған жағдайда мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты арттыру аса маңызды». Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі сияқты диалог алаңдарын дамыту айрықша мәнге ие», – деді Съезд Хатшылығының Басшысы.

Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға және соның аясында қазіргі таңдағы басқа да өзекті сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, нейрожелілер мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы кең мүмкіндіктермен қатар фейктердің таралуына да жол беріп, жаһандық тұрақтылыққа нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағдайда Қазақстан аталған қатерлерді еңсеруге ықпал ете отырып, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыруды жалғастыра береді.