Астанада куберлер мемлекеттік тудың бейнесін рубик текшелерінен құрастырды
Республика күніне орай астаналық куберлер «Mega silk way» сауда-ойын сауық орталығында мемлекеттік ту мен Қазақстан картасының бейнесін рубик текшелерінен құрастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Паноны салу үшін 3 мың текше қолданылды. Көрерменнің айтуынша, креативті жоба ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Республика күніне орай MEGA SILK WAY сауда, ойын-сауық орталығының ұсынысын қабыл алып, Қазақстан картасында орналасқан еліміздің туын рубик текшелерімен жинаймыз деп шештік. Барлығы алты жігіт қатысты. Біздің мақсатымыз - Қазақстанда спидкубинг спортын дамыту және еліміздің туын, елге қатысты басқа да суреттерді құрастыру арқылы көрерменнің патриоттық сезімін арттыруға ат салысу», - деді Республикалық спидкубинг федерациясының мүшесі Шыңғыс Қайырылбаширов.
Салмағы 500 келі болатын картинаны куберлер 6 сағатта құрастырды. Республикалық спидкубинг федерациясының мүшелері жастар мен балаларға шеберлік сабағын ұйымдастырды.
«Бізге қатты ұнап жатыр. Жастардың талантына, осындай рухты көтеретін дүниелер жасауға талпынысына тәнті болдық», - деді қала тұрғыны Гүлзима Ибрагимова.
Куберлердің өнерінен соң іс-шара мерекелік концертке ұласты.