Астанада конкурдан Қазақстан чемпионатына 40-тан астам шабандоз бас қосты
Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар үш күн бойы әр түрлі биіктіктегі 6 түрлі тосқауылда (120-145 см) өз шеберліктерін шыңдайтын болады.

«Астана қаласы 2 жылдан кейін қайта маусымның шешуші жарысы саналатын Қазақстан чемпионатын қабылдауға мүмкіндік алды. Дәл қазіргі сәтте Орталық Азия елдері бойынша елордада ғана ат спортына арналған жабық кешенді спорт ғимараты бар. Қыс мезгілінде де жаттығуға қолайлы. Өздеріңіз білетіндей, биыл федерацияда бірқатар өзгерістер болды. Енді ат спорты жаңа жетістіктерді бағындырады деген сенімдемін. Қандай жоспарымыз бар? Біріншіден, мамыр айында Астана қаласы ұзақ жылдардан кейін Еуразия Лигасының Әлем Кубогы кезеңін (FEI CSI 1*-W) өткізді. Екіншіден 2026 жылы Аичи және Нагояда өтетін XX жазғы Азия ойындарына қатысуға ниетіміз бар. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, ат спортынан Қазақстан құрамасы 2014 жылы Инчхондағы жазғы Азия ойындарында бақ сынапты. Енді осы дәстүрді жаңғыртсақ дейміз», - деді ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Толқымбеков.
Ел додасында Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Алматы облысының шабандоздары бақ сынап жатыр.

«Бала кезде бәйгелерде шауып жүргенде жанымызда аттар кедергілерден шауып жүретін еді. Сол сәтте бапкер әрі әкем менің мүмкіншілігімді байқап, 14 жасымда конкурға шақырды. Бәйгемен салыстырар болсақ, бұл жерде арнайы салмақ ұстаудың қажеті жоқ. Жеңіске жету үшін, спортшы атпен де сенімді байланыс орнатуы тиіс. Әйтсе де конкур Еуропа елдеріне тән спорт екендігін ескергеніміз жөн. Олимпиада ойындарына назар аударсаңыз, үнемі Ұлыбритания, Германия және т.б алпауыттардың топ жарғанын байқайсыз. Ал бізде кейінгі жылдары ғана ат спорты қолға алынып жатыр. Көп жарыстарда қолтума будандары шауып жүрсе, енді арнайы Еуропадан аттар әкелінді. Қазақстан чемпионатының бір ерекшелігі - көп шабандоздар жаңа аттармен өнер көрсетеді. Олардың арасынан фаворитті айту қиын», - деп Шымкент қаласынан келген Шыңғыс Маликаждар аттаы шабандоз өз ойын білдірді.
Турнир Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен және халықаралық стандарттарға толық сәйкес ұйымдастырылып жатыр.
