Астанада «KazAgro/KazFarm-2023» халықаралық көрмесі өтеді
Елордада XIV жыл сайынғы «KazAgro/KazFarm-2023» халықаралық аграрлық көрмелері өтеді, деп хабарлады Elorda.info әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.
«KazAgro/KazFarm» – ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға және агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізуге бағытталған бірегей көрмелер. Бұл сонымен қатар агроөнеркәсіп саласындағы жаһандық инновацияларды ұсынуға арналған кәсіби алаң.
«KazAgro» – еліміздегі өсімдік шаруашылығының ең ірі көрмесі. Онда тұқым селекциясы, заманауи технологиялар мен жабдықтар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, логистика бойынша қызметтер көрсету сынды мәселелер көтеріледі.
«KazFarm» – эмбриондардан бастап, дайын өнімге дейін және мал шаруашылығының әртүрлі салаларындағы қызметтерге дейін толық қамтылған Қазақстандағы мал шаруашылығы мен ет-сүт өнеркәсібінің көрмесі.
«KazAgro/KazFarm-2023» халықаралық көрмелерінде Қазақстанның АӨК-те аграрлық ғылымның соңғы әлемдік жетістіктерін енгізуге ықпал ететін жетекші әлемдік агроконцерндердің, инновациялық технологиялар мен аграрлық секторды дамыту бағдарламаларының бірқатар жаңа ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары ұсынылатын болады.
Жыл сайын KAZAGRO және KAZFARM алаңдары халықаралық ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатысушы 1000-нан астам делегат жинайды. Бұл көрмелер еліміздің тауар өнімділігін көрсетіп қана қоймай, әлемнің түрлі елдері арасындағы қарым-қатынасты нығайтады.
Аталған іс-шара 20 елден 200-ден астам компанияны біріктіреді, оның ішінде: Австрия, Беларусь, Германия, Испания, Канада, Қытай, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Украина, Италия, Қазақстан және т.б.
Көрмелердің іскерлік бағдарламасы жетекші сала мамандарының, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен инновациялық орталықтардың басшыларының қатысуымен презентациялар, бизнес-миссиялар және бірқатар семинарларды өткізуді көздейді.