Астанада каратэден дәстүрлі Kazakhstan Open халықаралық турнирі басталды
Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде WKF каратэден Kazakhstan Open халықаралық турнирінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сегізінші рет ұйымдастырылып жатқан бәсекеде еліміздің 13 өңірі және Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, және бейтарап елдің 600-ге жуық спортшысы бас қосты.
«Kazakhstan Open бәсекесінің басты ерекшелігі - жасөспірім мен ересектер басын бір жерге қостық. Енді өсіп келе жатқан жас буындар әлемдік деңгейде өздерін дәлелдеп келе жатқан ересектеріміздің өнерін өз көзімен көруге мүмкіндік алады. Қателіктерімен жұмыс істеп, өз өнерін одан әрі шыңдайды. Біз де өз кезегімізде резервтің қалай өсіп келе жатқанына куә боламыз», - деді Қазақстан каратэ федерациясының вице-президенті Болат Хавлат.
3 күнге жалғасатын жарыста жасөспірімдер, жастар, ересектер кумитэ және ката бағдарламасында жүлдеге таласады.
«Каратэ спортының жоғары жетістікке жетуінің сыры - барлық аймақтармен тығыз қарым-қатынаста жатыр. Тек қалада ғана емес, ауылдағы талантты жастардың каратэмен шұғылдануының арқасында еліміздің көрсеткіші жоғарылауда», - деп Қазақстан каратэ федерациясының вице-президенті Болат Хавлат пікір білдірді.
Бұл турнир Қазақстан құрамасы үшін рейтингтік жарыс саналады. Оның қорытындысы бойынша жастар құрамасы жасақталып, 2025 жылғы қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады.
Турнир 13 шілде күні мәресіне жетеді.