Астанада «Көлік және логистика: Жаңа IT мүмкіндіктер» тақырыбында республикалық форум өтіп жатыр
Республикалық форум Жұмысшы мамандықтар жылы және Жоғары көлік және коммуникация колледжіне 80 жыл толуына орайластырылып отыр. Форум аясында көлік-логистика саласындағы заманауи үрдістер мен даму перспективаларын талқылауға арналған диалог алаңын құру, жаңа ІТ-шешімдерді айқындау және енгізу, отандық және шетелдік сарапшылар арасында тәжірибе алмасу көзделіп отыр.

Форумға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласы мәслихаты, Астана қаласының Қоғамдық кеңесі, Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы өкілдері, Колледждің әлеуметтік серіктестері: «City Transportation Systems» ЖШС, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және колледждің Индустриалды және Қамқоршылық Кеңесінің, колледждің шетелдік (Қытай, РФ, Өзбекстан, Беларусь) серіктес білім беру ұйымдары өкілдері қатысты.
Сондай-ақ Шаньси электромеханикалық институт директорының орынбасары Чжан Кы «Кадрлар даярлау кезіндегі жаңа технологиялар», ҚТЖ – Жүк тасымалы ЖШС бас директорының локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асан Үмбетов «Поезды басқару жұмысын автоматизациялау» тақырыбында баяндама жасап, озық тәжірибе ортаға салды.



Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры Бірлік Капезов бүгінгі форум Қытай Халық Республикасы сияқты технологиясы мен ғылымы дамыған көршілеріміздің ұтымды тәжірибесін елімізге алып келіп, тарату мақсатында жасалып отырғанын тілге тиек етті.

«Бүгін біздің колледжімізде үлкен іс-шара өткізіп отырмыз. Біздің колледжіміздің 80 жылдығына арналған «Көлік және логистика: Жаңа IT мүмкіндіктер» тақырыбында республикалық форум өтіп жатыр. Қатысушылар арасында еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай Халық Республикасынан да қонақтар келіп отыр. Сондай-ақ бүгін біз Қытай Халық Республкасынан, Қырғызстаннан келген әріптестерімізбен келісімшартқа қол қоямыз. Бұл біздегі білім сапасының артуына өзінің оң әсерін тигізетін болады. Біздің делегация Қытай Халық Республикасына барып келген болатын, олардың жаңа технология бойынша жетістіктерін өзімізге алып, Қазақстанның колледждеріне тарату мәселесін қойып отырмыз. Жұмыс басталды, әрі қарай жалғасын таба беретін болады. Студент алмасу, мұғалімдеріміздің біліктілігін арттыруға осы көрші елдерге жіберу бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.

Білім ордасының директоры Бірлік Еркінұлының айтуынша, 80 жыл уақыт ішінде колледж қабырғасында білім алған 36 мыңнан астам түлек еліміздің логистика, теміржол, энергетика, байланыс салаларының дамуына үлесін қосып жүр.


«80 жыл аз мерзім емес. 1945 жылы ҰОС аяқталғаннан кейін осы колледж Ақмола қаласында ұйымдастырылған. Сол ұйымдастыру бойынша Ақмола теміржол техникумы ашылды. Бірінші рет Целиноград теміржолына қажетті 400 маманды даярлаудан жұмысын бастаған. Қазіргі күні осыншама уақыттың ішінде 36 мыңнан астам түлек ұшып шығып, еліміздің логистика, теміржол, энергетика, байланыс салаларының дамуына үлесін қосып жүр», - деді ол.

Шараға арнайы келген қонақтардың бірі - Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау Жоғары көлік және коммуникация колледжінің нағыз кәсіби мамандарды даярлайтын мемлекеттік мекемеге айналғанын атап өтті.
«Бүгін Жоғары көлік және коммуникация колледжінің 80 жылдық мерейтойына келіп отырмыз. Еліміздің теміржол және логистика саласында үлкен жетістікке жеткен колледждің бірі. Нағыз кәсіби мамандарды даярлайтын мемлекеттік мекеме. Еліміздің дамуына қосқан үлесі зор. Президентіміз айтқан жұмысшы мамандықтарды қолдауға қатысты осы колледждің жетістіктерін көріп отырмын. Финляндиямен серіктестігі бар екен. Осындай жетістікке жетіп жатқан колледжді қолдауымыз керек деп ойлаймын», - деді ол.