Астанада ірі матчтарға байланысты жол қозғалысына уақытша өзгерістер енгізіледі
Астанада алдағы сенбі, яғни 22 ақпанда екі ірі спорттық іс-шара өтеді: футболдан Қазақстан суперкубогы үшін матч және «Барыс» хоккей клубының ойыны. Осыған байланысты жолдарда кептеліс жоғары болады деп күтіліп отыр. Сол себепті қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жол қозғалысына уақытша өзгерістер енгізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қайрат» пен «Ақтөбе» футбол матчы «Астана-Арена» стадионында сағат 15:00-де, «Барыс» хоккей матчы «Барыс-Арена» стадионында сағат 17:00-де өтеді.
«Көлік ағынын біркелкі бөлу үшін ареналарға кіру және шығу бойынша жеке маршруттар ұйымдастырылатын болады:
Футбол матчының көрермендері үшін қозғалыс тек Қабанбай батыр даңғылы арқылы жүзеге асырылады.
Хоккей матчының жанкүйерлері үшін тек Тұран даңғылы арқылы кіріп, шығуға болады», - делінген Астана қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Қозғалыс шектеулері матчтар басталғанға дейін бірнеше сағат бұрын енгізіледі және олар аяқталғанға дейін сақталады. Жүргізушілер қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы керек. Қолайсыздық болмас үшін қоғамдық көлікке мінген дұрыс.
Астана қаласының әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарынан уақытша өзгерістерге түсіністікпен қарауды және қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұрайды.