Елорда жаңалықтары

Астанада инвесторлардың құқығы қалай қорғалады

Елімізде дамып келе жатқан экономика жағдайында инвестициялық қызметті жан-жақты қолдау – тұрақтылық пен өсудің басты факторларының бірі. Осыған байланысты Астана қаласының прокуратурасы инвестициялық жобаларды әкімшілік мәселелерді шешуден бастап, құқықтық кедергілерді жоюға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдеуге белсенді араласып келеді. Бұл жөнінде қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Есіл» ауданының прокуроры Ерденбек Тоқбаев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Прокуратура жанынан әр инвестор жүгіне алатын фронт-офис жұмыс істейді. Ол – мәселелерді жедел шешуге арналған «бір терезе» қағидаты. Жалпы, прокуратура жанынан құрылған фронт-офис форматы инвесторлармен тікелей байланыс орнатудың тиімді тетігі ретінде өз артықшылығын дәлелдеді. Фронт-офистің есігі баршаға ашық – кез келген инвестор проблема туындаған жағдайда жүгініп, кәсіби көмек ала алады», – деді спикер.

Биыл қаңтар айынан бастап Кәсіпкерлік кодексіне, Азаматтық іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске маңызды өзгерістер енгізілді. Олар инвесторларға (инвесторлар тізіліміне енгізілгендерге) қатысты шешімдерді қабылдауды прокурормен келісу тәртібін міндеттейді.

«Мұнда сөз «прокурорлық сүзгі» деп аталатын рәсім туралы болып отыр. Яғни, ұлттық және өңірлік инвестициялық пулдарға енгізілген инвесторларға қатысты мынадай шешімдерді прокуратура органдарымен міндетті түрде келісу керек: шектеу сипатындағы шараларды қолдану; әкімшілік құқық бұзушылық істерін қозғау; тексерулер тағайындау; сотқа талап қоюды бастама ету», – деп түсіндірді прокурор.

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен түйткілді жағдайлар үнемі бақылауда ұсталып, жұмыс кездесулері өткізіледі, сол сияқты инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою жөнінде тиісті тапсырмалар беріледі.

«Біз инвестор үшін әр күнгі кідіріс шығынға, беделдік тәуекелдерге немесе жобаның тоқтап қалуына әкелуі мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан біздің жұмыс қағидамыз – «онлайн» режимінде әрекет ету. Бұл туындайтын мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді», – деді Ерденбек Тоқбаев.

Қиындық туындаған жағдайда инвесторлар бизнеске қолдау көрсетуге арналған прокуратураның тәулік бойы жұмыс істейтін CALL-орталығына хабарласа алады.