Астанада Халықаралық қытай тілі күні аталып өтті
Астана қаласында Халықаралық қытай тілі күніне арналған іс-шара өтті. Аталған шараны Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырып, Астана халықаралық университеті мен Бейжің тіл және мәдениет университетінің Қазақстандағы филиалы бірлесіп өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға отандық және Орталық Азия елдерінен келген қытайтанушы ғалымдар, қытай тілі пәнінің оқытушылары, сондай-ақ Бейжің университеті филиалының студенттері бастаған 100-ден астам адам қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь тіл арқылы халықтар арасындағы достық нығая түсетінін айтты. Сондай-ақ ол Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың соңғы жылдары сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтеріліп, «мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік» нығайып келе жатқанын ерекше атап өтті.
"Бүгінгі таңда Қазақстанда қытай тілін үйренуге зор мүмкіндік бар. Елшілік қытай тілін оқыту ісін алға ілгерілету үшін барлық саладағы әріптестермен ынтымақтастық орнатуға әзір", – деді елші.
Хань Чуньлинь қазақстандық қытай тілі мұғалімдеріне және осы салада еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс білдіріп, олардың қосқан үлесін жоғары бағалады.