Елорда жаңалықтары

Астанада ҚХА мүшелері Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады

Астананың Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша кездесуі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламентінің депутаттары, МАМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің, ҚХА қоғамдық құрылымдары мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Ғалым Шойкин биылғы Жолдауда айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарларымен бөлісе келе, қоғамдағы ашықтық пен толеранттылықты нығайту, этникалық, тілдік, әлеуметтік және басқа да белгілері бойынша азаматтарға қысым көрсетпеу, түрлі арандатушылық әрекеттерді болдырмау, азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ету, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, тарихымыз бен мәдениетімізге құрметпен қарау мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ спикер аталған жұмысты жүзеге асыру азаматтық қоғамның, соның ішінде этномәдени бірлестіктердің бірлескен іс-әрекетінің нәтижесінде ғана жемісті болатынын атап өтті.

Жалпы жиын қатысушылары жалпыұлттық бірлікті нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру, саяси және қоғамдық өмірді жаңарту мәселелерін талқылап, өз ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті.