Астанада есірткіге қарсы ауқымды акция басталды
Астанада нашақорлық пен есірткіге қарсы жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Астана қаласының полициясы мен прокуратурасы есірткі қылмысына қарсы күреске бағытталған ауқымды айлықты жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл бастамаға Amanat партиясының жастар қанаты – «Жастар рухы» да белсене қатысып, елімізде үшінші жыл қатарынан «Есірткіге жол жоқ!» акциясын өткізіп келеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 18 мыңнан астам адам нарколог-дәрігерлердің динамикалық бақылауында тұр, олардың басым бөлігі – жастар.
Биылдың өзінде құқық қорғау органдары 5 мыңнан астам есірткі қылмысын әшкереледі.
Amanat партиясының жастар қанаты ұйымдастырған «Есірткіге жол жоқ!» акциясы мыңдаған белсенділерді біріктіріп, олар күн сайын есірткі насихатына қарсы тұруға, «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға және салауатты өмір салтын дәріптеуге өз үлесін қосуда.
Бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр. Президент есірткімен күресті қатаңдату қажеттігін бірнеше рет атап өткен.
«Есірткі бизнесінің өкілдері жаңа ақпараттық технологияларды белсенді пайдаланады. Әлеуметтік желілердегі чаттар арқылы жастарды жеңіл табыс табуға қызықтырып, оларды есірткі тасымалдаушысына айналдырады. Бүкіл бір ұрпаққа төніп тұрған бұл қатерді елемеуге болмайды. Сондықтан Президент бұл әлеуметтік кеселге бірнеше мәрте назар аударды. Біз де өз үлесімізді қосып келеміз. Үш жылға жетпейтін уақытта 12 мыңнан астам есірткіге қатысты граффитиді жойдық», - деді «Жастар рухы» ұйымының төрайымы Ақерке Ескендірова.
Сонымен қатар жастар қанаты жастар арасында ақпараттық материалдар таратып, жүздеген кездесу мен флешмоб ұйымдастыруда. Соңғы айларда ғана еліміздің әр өңірінде 5 мыңға жуық жас акцияға қатысқан.
Акция аясында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр. «Чемпиондық рух» жобасы арқылы жасөспірімдер мен студенттер спортпен айналысуға, чемпиондармен кездесулер мен мотивациялық сессияларға қатысуда.
Бағдарлама аясында барлық өңірде спорттық турнирлер, шеберлік сабақтары және жаттығулар ұйымдастырылып, ондаған танымал спортшы мен мыңдаған жасөспірім қатысты.
Сонымен бірге, қозғалыс жастармен жұмыста заманауи тәсілдерді кеңінен қолдануда: Bir Tolqynda және «Рухтастар Cases» диалог алаңдары, сондай-ақ IT саласындағы инновациялық жобалар.
Мәселен, 2023 жылы Astana Hub-пен бірлесіп AMANAT TECH хакатоны өтіп, онда жас бағдарламашылар нашақорлықтың алдын алуға және тәуелділерді оңалтуға арналған шешімдерді ұсынды.
Айта кетейік, Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасуда. Құқық қорғау органдары бірлескен рейдтер өткізіп, оқу орындарында профилактикалық кездесулер ұйымдастыруда, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мұндай іс-шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмысына және өзге де қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатерлерге қарсы бірлесіп күресуге маңызды ықпал етеді.