Елорда жаңалықтары

Астанада емханаларға тіркеу науқаны басталады: кімдер тіркеле алады

Астанада 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін халықты алғашқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) ұйымдарына тіркеу науқаны өтеді. Бұл әр тұрғынға бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде (жаяу жету қашықтығында) поликлиниканы еркін таңдау құқығын қамтамасыз ету және медициналық ұйымдарға ресурстарды алдын ала жоспарлап, келесі жылы тіркелген халыққа сапалы қызмет көрсету үшін жүргізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тіркеу халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Азаматтар емханаға тіркелуін электрондық үкімет порталы eGov.kz арқылы немесе қалалық iKomek 109 қолдау қызметі арқылы тексере алады.

Тіркелуге құқығы барлар:

• Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар және тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер – ТМККК және МӘМС аясында медициналық көмек алуға құқылы;

• Уақытша келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар – ерікті (ЕМС) немесе міндетті медициналық сақтандыру (ММС) шарты/полисі негізінде не заң талаптарына сәйкес;

• ЕАЭО елдерінен (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) келген еңбек мигранттары және олардың отбасылары – ЕМС/ММС болған жағдайда;

• 18 жастан асқан студенттер – өз бетінше тіркеледі;

• Кәмелетке толмағандар – заңды өкілдерінің (ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар) өтініші бойынша;

• Жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балалар – нақты тұратын жері бойынша АМСК ұйымдарына тіркеледі;

• Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар – тікелей емханада өтініш бере алады;

• Бала кезінен мүгедектердің заңды өкілдері, патронаттық тәрбиеленушілер – растайтын құжаттар негізінде;

• Мерзімді әскери қызметтегілер – дислокация орны бойынша, сотталғандар – жазасын өтеу орны бойынша.

Тіркелу тәртібі:

1. eGov.kz порталы арқылы. Авторизациядан өтіп, электрондық өтінім толтырыңыз. Нәтиже немесе дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде жеке кабинетке жіберіледі.

2. Таңдалған емханада жеке өзі. Жеке куәлікті көрсетіп, ұйым басшысының атына өтініш толтырылады.

3. Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы.

Маңызды: тіркелу ЖСН бойынша және тек бір ғана БМСК ұйымына жүргізіледі. Егер сіз емханаңызды өзгертпесеңіз, жаңа өтінім берудің қажеті жоқ: қазіргі ұйымыңызда тіркеуде қала бересіз.

Науқан барысында тіркелген тұлғалар таңдалған медициналық ұйымнан қызметті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ала бастайды. Осы жылдың соңына дейін қызмет бұрынғы емханада жалғасады.

Тіркеуден бас тарту негіздері:

• Дұрыс емес деректердің берілуі;

• Бір жалпы тәжірибе дәрігеріне, учаскелік терапевтке немесе учаскелік педиатрға тіркелген пациенттердің рұқсат етілген санынан асып кету;

• Балаларға немесе қамқорлықтағы адамдарға қатысты заңды өкілдікті растайтын құжаттардың болмауы;

• Жеке деректерге шектеулі қолжетімділікке келісімнің болмауы.

Қосымша түсініктемелер алуға болады:

• Емханаңыздың тіркеу бөлімінен;

• Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан;

• 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz сайты, Telegram-дағы SaqtandyryBot;

• iKomek 109 қалалық қолдау қызметі.