Елорда жаңалықтары

Астанада «Елорда» халықтық хорының есептік концерті өтті

Бүгін Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Елорда» халықтық хорының есептік концерті өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2008 жылы елордада «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған ардагерлер ансамблі, 2021 жылы «Елорда» халық хоры атағын алды.

Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафиннің айтуынша, хор мүшелерінің жасы 65-тен 81 жас аралығын қамтиды.

«Бүгін қаламызда тамаша концерт өтіп жатыр. «Елорда» хорында кішісі 65-те болса, үлкені 81-ге келді. Олар тек елордада ғана емес, республика бойынша өз өнерлерін көрсетіп жүр. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстанда Қатон-Қарағайда болды, биыл тамызда Қарағанды облысы Балқашта концерт берді. Осы айдың басында Жезқазғанға барып, Сәтбаев ауданында да концерт өткізді. Біздің қаламызда ұрпақ сабақтастығын көрсетіп, жастарға үлгілі тәрбие көрсетіп жүр. Бұл ұжымға тек шығармашылық табыс тілеймін», - деді Марат Мұстафин.

Хор ұжымы өскелең ұрпақтың бойына қазақтың әні мен күйін, салт-дәстүрін сіңіруді мақсат етіп келеді.

«Елорда» халықтық хорының жетекшісі Үміт Дүйсенованың сөзінше, хор құрамында түрлі маман иелері бар.

«Біздің хорда 30-ға жуық ардагер бар. Олардың ішінде дәрігерлер, ұстаздар, құрылысшылар, спорт шеберлері, есепші, кітапханашы секілді түрлі маман иелері бар. Мен өзім де дәрігермін, қазір зейнеткермін. Топтың көркемдік жетекшісі – Жекен Тебереков. Жалпы хор мүшелері зейнетке шыққаннан кейін үйде отырып қалмай, хорға келіп, өз өнерін көрсетіп жүр», - дейді Үміт Дүйсенова.

Ұжым репертуарында қазақтың халық әндері бар. Сонымен қатар қазіргі композиторлардың әндері сияқты түрлі жанрларды қамтып келеді.

Бүгінгі есептік концертке аудан ардагерлері, қалалық мәслихат депутаттары, AMANAT партиясының белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, хордың құрылғанына биыл 16 жыл, өткен жылы өнер ұжымы 15 жылдық мерейтойлық концертін ұсынды.