Елорда жаңалықтары

Астанада электросамокаттарға арналған арнайы тұрақтар ашылады

Астанада алғаш рет электросамокаттарға арналған арнайы тұрақ аймақтары ашылады. Жоба пилоттық режимде «Нұра» ауданында іске асырылмақ. Ол үшін самокаттар жиі тасталып кететін он орын таңдалынады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тұрақтар арнайы жол белгілерімен және сызықтық белгілеумен белгіленеді. Кикшеринг пайдаланушылары сапарларын дәл осы жерлерде аяқтауы тиіс. Бұл тротуар мен жол жиегінде бей-берекет тасталған самокаттарға қатысты шағымдарды азайтуға көмектеседі.

«Астаналықтардан келіп түсетін ең жиі шағымдардың бірі – бей-берекет тасталған самокаттар. Арнайы тұрақ аймақтары осы мәселеге тәртіп орнатып, қалада қозғалысты қауіпсіз етеді», – деп атап өтті «Нұра» ауданының әкімдігі.

Бұл жұмысқа iKomek жедел әрекет ету және мониторинг орталығы да қосылды. Орталықта самокаттардың дұрыс қойылмауына байланысты шағымдарды жедел өңдеу үшін жаңа жіктеу жүйесі әзірленіп, операторларға арнайы оқыту жүргізілмек.

Бастаманы Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығы мен елордадағы барлық кикшеринг компаниялары қолдады.

Электросамокат жүргізу мәдениеті мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол картасы да әзірленді. Қалалық басқармалар, полиция және кикшеринг компанияларымен бірлесе отырып, ақпараттық кампаниялар, қауіпсіз жүргізу бойынша сабақтар және ереже бұзушылықтарды анықтау рейдтері ұйымдастырылады.