Астанада Достық көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты
Астанада Есіл ауданында орналасқан тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Бүгін Достық көшесі, 12/1 мекенжайындағы 8 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы KaRima кафесінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Әкімдік, ТЖД және қалалық Полиция департаменті бірлесіп, оқиға орнында жедел штаб құрды. ТЖД мен Полицияның үйлесімді әрекетінің арқасында өрт тез арада сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Өрт салдарынан 8 пәтер зардап шекті. Тұрғындар қаланың қонақүйлеріне уақытша орналастырылады. Сондай-ақ барлық бағытта көмек көрсетілетін болады.
Алдағы тәулік ішінде бүлінген пәтерлерді жөндеу және фасадты қалпына келтіру жұмысы KaRima кафесі иелерінің қаражаты және әкімдіктің қолдауы есебінен басталады.