Елорда жаңалықтары

Астанада дағдарысқа тап болған отбасыларды қолдау мәселесі көтерілді

Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Астана қаласы полиция департаментінде Ішкі істер министрлігі, прокуратура, сот жүйесі, жергілікті атқарушы органдар мен әкімдік жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті.

Басқосудағы негізгі тақырып – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессивті мінез-құлық танытқан адамдарды оңалту бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту.

Кеңес барысында соттардың міндетті психологиялық түзету бағдарламаларын қолдану тәжірибесін кеңейту, дағдарысқа тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға көмек көрсету тетіктерін жетілдіру қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ мобильді топтардың жұмысын жүйелеу, олардың іс-қимыл алгоритмін нақтылау мәселелері қарастырылды. Мұндай шаралар: қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде қолдау көрсетуге, құқыққа қайшы мінез-құлықтың түпкі себептеріне кешенді ықпал етуге, қайталама әрі ауыр құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.