Елорда жаңалықтары

Астанада букмекерлік кеңселерге арналған жарнамасы бар 290-нан астам нысан жойылды

2024 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің сыртқы жарнамасына тыйым салатын заң күшіне енді. Заң күшіне енгенге дейін Астана қаласы әкімдігінің «Астана-Жарнама» мемлекеттік мекемесі жарнамалық құрылымдардың иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы шаралардың арқасында елордада букмекерлік кеңселерге арналған жарнамасы бар 290-нан астам нысан жойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Астана-Жарнама» сыртқы жарнамаларды бақылауды жалғастыруда. Аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, кәсіпкерлерге заң талаптарын түсіндіруге бағытталған іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Бұзушылықтар анықталса, заңсыз жарнама жойылып, оны таратушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Кәсіпкерлерге тұрақты түрде түсіндіру жүргізіліп, заң талаптарын сақтау қажеттігі туралы кітапшалар шығарылуда.

Заңға сәйкес, букмекерлік кеңселерді ғимараттың қасбеттеріне, ашық алаңқайларға, көліктерге және сыртқы құрылыстарға жарнамалауға тыйым салынады. Жарнамаға тек букмекерлік кеңселерде, спорт ғимараттарында және спорттық жабдықтарда ғана рұқсат етіледі. Букмекерлік компаниялардың логотиптері мен сауда белгілерін бизнестің басқа түрлерін жарнамалауда пайдалануға да тыйым салынады.

ӘҚБтК-нің 455-бабына сәйкес, заңды бұзғаны үшін 236 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.