Елорда жаңалықтары

Астанада бір мезетте 30-дан астам жаңажылдық шыршаның шамы жағылды

Бүгін, 18 желтоқсанда Астанада 30-дан астам мерекелік шыршаның шамын жағу рәсімі өтті. Іс-шараға 15 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлады Elоrdainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Барлық орында көптеген ойын-сауық түрлері ұйымдастырылды. Мұз айдындары, сырғанақтар, шағын архитектуралық нысандар, фотоаймақтар тұрғындарға тамаша көңіл күй сыйлады. 

Ең биік 25 метрлік шыршалардың шамы «Астана Арена» стадионының тұрағында және «Қазақ Елі» монументінің алаңында жағылды. «Астана Арена» стадионының тұрағындағы 25 метрлік шырша жарық декоративті ұлпа қармен және өрнектермен, сары және қызыл реңдегі 2500 ойыншықпен, гирляндалармен және т.б. безендірілген. Шыршаны жағу кезінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Қайрат Баекенов, Ринат Малцагов, AYREE, балалар хоры мен би ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама, жаңажылдық жәрмеңке, сырғанақтар, мұз айдыны, лабиринт, фуд-корт, арнайы тақырыптағы фотоаймақтар және т.б. ұйымдастырылды.

Сондай-ақ «Нұра» ауданында бүгін тағы сегіз орында шырша шамы жағылды. Олар орталық саябақта, «Зеленый квартал» ТК, «Үркер» тұрғын алабындағы Айғыржал гүлзарында, «Сарыарқа», «Керуен Сити», «Азия парк», «Хан Шатыр» және «Айланд» сауда ойын-сауық орталықтарының жанында және Сығанақ, Ш.Айтматов көшелерінің қиылысында орналасты. 

Сарайшық ауданындағы «Қазақ елі» алаңында шырша шамын жағу кезінде қала тұрғындары үшін мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, аниматорлар балаларға арналған түрлі ойындар ұсынды. Келушілер ән айтты, би биледі, сырғанақ пен мұз айдынында көңіл көтерді, фотоаймақтарда естелік үшін суретке түсті. Мұнда 2 мұз айдыны, сырғанақ, биіктігі 25 метрлік шырша, шағын архитектуралық нысандар мен жарық-иллюминациялық панно орнатылған.

Сондай-ақ Сарайшық ауданындағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңында жаңажылдық шырша жағылды.

Алматы ауданында жаңажылдық шыршалар шамы әл-Фараби атындағы «Оқушылар сарайының» аумағында, Sana Sport кешенінің аумағында, Рысқұлбеков көшесіндегі «Алма» саябағында, Astana Music Hall маңында және Қошқарбаев даңғылы, 80/1 мекенжайындағы үй маңында жағылды.

Есіл ауданында ЭКСПО аумағында 23 метрлік шырша да жарқырап тұр. Шырша 4000-нан астам ойыншықпен безендірілген, олардың ішінде диаметрі 15-тен 40 см-ге дейінгі шарлар, гирляндалар және т.б. ілінген. Алаңда сырғанақтар мен мұз айдыны бар, ал елорда тұрғындары мен қонақтары шағын архитектуралық нысандардың жанында суретке түсе алады.

Байқоңыр ауданында бес орында жаңажылдық шыршалар безендірілді. Олар «Жастар» сарайының аумағында, К.Ататүрік атындағы саябақта, «Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алабында, «Қоянды» саяжай алабында орналасқан. Сонымен қатар ауданда Кеншілер, 5 және Досмұхамедұлы, 6 мекенжайлары бойынша бес метрлік екі шырша орнатылды.

Сарыарқа ауданында биіктігі 3-тен 18 метрге дейінгі алты шыршаның шамы жарқырап тұр. Олар қалалық алаң, Бөгенбай батыр даңғылы, 43 мекенжайындағы гүлзарда, «Көктал» саябағы, Есіл өзенінің жағасы және «Юбилейная» көшесі, 22 мекенжайы бойынша орналастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, елорданың 6 ауданында бүгін 30-дан астам мерекелік шыршаның шамы жағылды. Сондай-ақ мұз айдындары, сырғанақтар, жаңажылдық жәрмеңкелері бар қысқы қалашықтар өз жұмысын бастады.