Астанада білім саласына үлес қосып жүрген педагогтер марапатталды
Ернұр Қайнар
Астанада Білім басқармасының ұйымдастыруымен QAZAQSTAN орталық концерт залында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты мерекелік концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға елорданың 3 мыңға жуық педагогі және еліміздің барлық өңірінен үлгілі ұстаздар келіп қатысты. Сонымен қатар мерекелік кешке Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, білім саласының ардагерлері мен мамандары құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Салтанатты кеш аясында министр өмірлік маңызды миссия арқалаған барша ұстаздарды мерекемен құттықтап, саланы дамытуға зор үлес қосқан педагогтерді «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» және «ҚР Еңбек сіңірген ұстазы» медальдерімен марапаттады. Кеш барысында бала бойына білім мен тәрбиенің дәнін егетін ұстаздар қауымына ерекше құрмет көрсетілді.
«Ұстаз болу – бұл жай ғана мамандық емес, бұл ұрпаққа білім мен тәрбие беретін қасиетті жол, даналық пен мейірімнің үлгісі. Бүгін біз сіздерге тағы бір рет алғыс айтуға тағы бір мүмкіндік туып тұр. Мемлекет басшысы «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деп ерекше атап өтті.
Мемлекеттің басым мақсаттарының бірі – өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге жағдай жасау. Қазіргі таңда елордада 200-ден астам мектеп бар. Онда 300 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оларға 30 мыңға жуық мұғалім сабақ береді. Жаңа оқу жылында 628 жас маман қатарға қосылды. Соңғы 2 жылда «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде 23 жаңа мектеп салынды. Балалардың сапалы әрі мазмұнды бос уақытын ұйымдастыру мақсатында 2 жаңа Оқушылар сарайы пайдалануға берілді, тағы 3 нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Соның бірі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Біз балалардың сапалы білім алуына, ұстаздардың жайлылығы мен дамуына қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береміз. Мереке қарсаңында барша Ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!» – деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Ол елорданың білім беру саласына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар педагогтер мен үздік білім ордаларына арнайы марапаттар табыстады.
Атап айтқанда, «Құрметті педагог» марапаты Ж.Аймауытов атындағы №24 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дана Жаңабекке, №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі география пәнінің мұғалімі Гүлшат Ермағанбетоваға, №2 арнайы мектебі еңбек пәнінің мұғалімі Зумрет Самратоваға берілді.
Сонымен қатар «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» арнайы сертификатына Астана қаласы әкімдігінің Жоғары көлік және коммуникация колледжі ие болды. «Үздік білім беретін орта мектеп» марапаты Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп лицейіне табыс етілді.
Мерекелік жиын соңы елімізге танымал эстрада жұлдыздарының және өнерлі ұстаздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.