Елорда жаңалықтары

Астанада «Байқоңыр» ауданының әкімі халықпен кездесті


Бүгін елордада «Байқоңыр» ауданының әкімі Талғат Рахманберді «Өндіріс» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында аудан басшысы жол, газдандыру, қоғамдық көлік, әлеуметтік нысандар және өзге маңызды салаларда жүзеге асырылған  жобалар жайында айтып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

«Басым бағыттардың бірі - ауданды көгалдандыру. Аудан бойынша 2024 жылы барлығы 1204 дана ағаш отырғызылды», - деді әкім.

Сондай-ақ Талғат Абайұлы жылы аялдамалар туралы айтты.

«2024 жылы 10 жылы аялдама орнатылды. Олар «Өндіріс»тұрғын алабында Кемеңгерұлы, Үшқоңыр, Тайбурыл көшелеріне қойылды», - деді Талғат Рахманберді.

«Өндіріс» тұрғын алабында сумен жабдықтау және нөсер кәріз желілерін салу жобасы іске асырылады. Қазіргі уақытта жобаларды іске асыру аясында тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. 12 шақырым сумен жабдықтау, 17 шақырым кәріз желілері жоспарлануда. 

Сондай-ақ биыл 5 аялдама орнату, 80 шақты мекенжайда 200-ден астам бейнебақылау камераларын қою жоспарланып отыр.

«Биыл да ауданымызда үлкен жұмыс жоспарланған. Өз кезегінде біз тұрғындармен тығыз байланыста болып, пайда болған кез келген мәселелерді шешу үшін жұмыла еңбек ететін боламыз», - деді аудан басшысы. 

«Байқоңыр» ауданында әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. 

«Өндіріс» тұрғын алабында денсаулық сақтау саласындағы өзекті жоба әзірленіп жатыр. Бұл - «Өндіріс» тас жолы мен С-638 көшесінің қиылысында дәрігерлік амбулаториялық кешеннің қүрылысы. Аталмыш жоба сараптамаға 2026 жылдың ақпан айында енгізіледі», - деді аудан әкімі.